ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов әлемдегі түрмеде жазасын өтеушілердің саны бойынша Қазақстан нешінші орын алатынын айтты
«Егер осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан тұтқындар саны бойынша әлемдік рейтингте 31-ші орында тұрған болса, қазір біз 100-ші орындамыз», — деді Жанат Ешмағамбетов Қазақстанның IX-ші Азаматтық форумының сессиясында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, осы жылдар ішінде елдің «түрме халқы» екі есеге, яғни 2010 жылы 63 мыңнан ағымдағы жылы 30 мыңға дейін қысқарды, ал пробацияға жататын адамдар саны 33 мыңнан 60 мыңға дейін өсті.
Сондай-ақ, төраға Қазақстанда пробация институтын мемлекеттік және жергілікті органдар азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен іске асырып жатқанын айтты.
«Біздің заңнамамызда пробацияның толық циклі қалыптастырылды. Егер бұрын бізде пробацияның тек екі моделі — үкімдік және постпенитенциарлық болса, 2017 жылдың қаңтарынан бастап «Пробация туралы» Заңда сотқа дейінгі және пенитенциарлық екі қосымша модель енгізілді. Басқаша айтқанда, пробация жүйесі қазір адам түсетін барлық қылмыстық-қауіпті жағдайларды — оның бастапқы заңға қайшы әрекеттерінен бастап олардың жаңа қылмыс жасауының алдын алу жөніндегі жұмыстарға дейін қамтиды «, — деп түйіндеді Жанат Ешмағамбетов.