Қазақстанның батысында нан қымбаттады

Оралда нан-тоқаш өнімдері қымбаттады. Орташа есеппен алғанда жоғары сұрыпты нан 15 теңгеге көтерілді. Өндірушілер бағаның өсуіне ұнның бағасы себеп болғанын атап өтті.

Фирмалық дүкендерде ақ нанның бағасы 135 теңгені құрайды, қарапайым дүкендерде оны 140-145 теңгеден сатады.

«Біздің дүкенде нан бағасы 20 қарашадан бастап өзгерді. Жоғары сұрыпты нан бұған дейін 120 тұрды, қазір 135. Тост наны мен екінші сұрыпты нан қымбаттады. Адамдар қатты наразы болмады. Нансыз өмір сүре алмайсың дейді», — деді сатушы Любовь Вяткина.

Нан-тоқаш өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірінің директоры Олег Талецкий нан пісіретін негізгі өнімдердің бағасы өзгергенін атап өтті.

«Ұн қымбаттады. Қант пен күнбағыс майының бағасы да өсті. Бұл нан пісіруге арналған басты үш өнім. Оның үстіне бізге Ресейден ұн сатып алуымызға тура келеді», — деді кәсіпкер.

Айта кетейік, Орал қаласында әлеуметтік нан бағасы бұрынғыдай болып қалды — 80 теңге. БҚО тұрақтандыру қорынан өндірушілерге оны жеңілдетілген бағамен өндіру үшін ұн бөлінді. Ол жыл соңына дейін жетуі тиіс.

Добавить комментарий