Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларға халықтық IPO-ны өткізуді қарастыруда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповпен кездесіп, қор қызметінің негізгі аспектілері мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына қордың ағымдағы жағдайы және Қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде баяндалды. Президентке «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелері таныстырылды.

Тоқаевқа Астрахан – Маңғышлақ су құбырын реконструкциялау, «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендеріне газ құбырын тарту, Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының 2-ші желісін және Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының лупингін салу, бірінші ГРЭС-тің 1-ші блогын қалпына келтіру, Қазақстан Республикасының Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қарасты батыс аймағындағы электр желілерін күшейту жобалары туралы мәлімет берілді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. Биыл 10 қарашаға дейін KEGOC  компаниясының SPO-сын аяқтау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорына қарасты бейінді емес активтерді жекешелендіру және компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Добавить комментарий