Ресей Орталық банкі шетелге ақша аударымдарын шектеуді 2024 жылдың 31 наурызына дейін тағы да жарты жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Ресей азаматтары мен достас елдердің резидент емес жеке тұлғалар бір ай ішінде шетелдік банктерге 1 миллион долларға дейінгі мөлшерде ақша аударым жасай алады.
Сондай-ақ ақша аударымдары жүйесі арқылы аударымдарға лимит бар — айына $10 000 аспау керек. Аударым сомасы операция жасалған күнгі ресми айырбас бағамы негізінде есептеледі.
Ресейде жұмыс iстейтiн резидент емес жеке тұлғалар қай елден болғанына қарамастан, өз жалақысы мөлшерiнде ақшаны шетелге аудара алады.
Ресейде жұмыс істемейтін резидент емес жеке тұлғалар мен «достық танытпайтын» елдердің заңды тұлғалары үшін шетелге ақша аударымдарына тыйым сақталып отыр. Ресейлік заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың бақылауындағы шетелдік компанияларға ерекшелік жасалады.