Танымал ресейлік әртіс Максим Галкиннің Астана қаласында жоспарланған концерті өткізілмейді. Әзілкеш әлеуметтік желідегі парақшасында билік оның кешін өткізуге кедергі келтіріп жатқанын айтты.
Қалалық мәдениет басқармасының мәліметі бойынша, Максим Галкиннің концерті кестеге енгізілмегендіктен өткізілмейді. Бұл шешімнің негізгі себебі Мұғалімдер күніне орай іс-шара өткізіледі.
Басқарманың ресми хабарламасында былай делінген: «1 наурызда Астана қаласының мәдениет басқармасына «TopBilet» ЖК директоры Аслановтан 8 қазанда Роза Бағланова атындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Максим Галкиннің кешін өткізу туралы хат келіп түсті. 8 қазанда Мұғалімдер күніне арналған іс-шара жоспарланғандықтан, Максим Галкиннің концертін ұйымдастырушыларға басқа күнді немесе басқа орынды таңдау ұсынылды».
Мәдениет басқармасының хабарлауынша, Максим Галкиннің концертін ұйымдастырушылардан басқа хат түскен жоқ. Сонымен қатар, Мұғалімдер күніне арналған іс-шара басқа концерт залында өткізілетінін ескере отырып, басқарма Максим Галкиннің кешін тиісті заңнамаға сәйкес басқа орынға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруға дайын.