Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында Қарағанды облысында балалардың неден уланғанын айтты.
Министр балалардың жұқпалы ауруға шалдықпағанын, жаппай уланудың ықтимал себебі — улы затпен улану екенін айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы іс-шаралар мен тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері, аурудың даму сипаты негізінде тағамнан топтық улану және жұқпалы аурулар алынып тасталады. Жаппай уланудың ықтимал себебі – улы затпен улану.
.Сот-медициналық сараптама жүргізілуде, балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында», — деп атап өтті Ажар Ғиният.
Қарағанды облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланып ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі ауруханадан шығарылды. Алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Төрт 4 баланың жағдайы оң динамика көрсетіп отыр, бірақ жағдайы ауыр халде, ал екі баланың жағдайы өте ауыр. Денсаулық сақтау министрі неврологиялық тапшылық, интоксикация синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты өте ауыр екенін атап өтті.