Британ армиясы Бас штабының бұрынғы басшысы генерал Ричард Даннатт «вагнершілер» Киевке Евгений Пригожиннің басшылығымен шабуыл жасауына алаңдаушылық білдірді, ол сәтсіз әскери көтерілістен кейін Беларусьте бас сауғалап жүр.
Даннатт жексенбі күні Sky News-ке берген сұхбатында Украина сақ болуы керек екенін айтып, «вагнершілер» тарапынан төнетін ықтимал қауіп-қатердің алдын алу керек екенін атап өтті, себебі қазір Пригожин президент Александр Лукашенкомен келісімге келгеннен кейін Беларусьте жүр.
«Пригожиннің қоластында сарбаздары қалған болса, онда ол Киевке ең жақын Украина қапталына шабуыл жасауы мүмкін», — деп атап өтті Даннатт. Ол Ресейдің кезекті рет Киевті басып алу үшін «Вагнер» жеке әскери компаниясын пайдалануы мүмкін деп болжап отыр.
Генерал болып жатқан оқиғаның салдары ұзақ уақыт бойы сезілетінін атап өтті. Ол сондай-ақ Ресейдегі бүлік әрекеті тараптардың ешқайсысына жеңіс алып келмегенін атап өтті.
«Путин сөзсіз қауқарсыз күйде. Ресей әскерилері… шашыраңқы хәлде», — деп мәлімдеді Даннатт Sky News эфирінде.
23 маусым күні кешкісін Ресейде «Вагнер» жеке әскери компаниясының жетекшісі мен Ресей билігі арасында шиеленісті текетірес басталғаны белгілі.