Ақтөбе облысында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға 5 млрд теңге бөлінді. Ондасын Оразалин бұл ақпаратты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында айтты.
«Біздің барлық күш-жігеріміз инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтауға жұмсалды. Тұтастай алғанда, КВИ-ге қарсы күреске шамамен 5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде медициналық техника мен жабдықтарды сатып алуға 3,4 млрд. теңге, дәрілік заттарды, жеке қорғану құралдарын және ӨЖЖ аппараттарын сатып алуға 1,3 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап 3600-ден астам медицина қызметкері 2,9 млрд. теңге көлемінде үстемеақы мен сыйақы алды», — деп хабарлады аймақ басшысы.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, стационарларда 315 инфекциялық төсек орын бар, қажет болған жағдайда олардың саны 3603-ке дейін ұлғайтылатын болады.
Сондай-ақ, шетелден ПТР-тестінсіз келгендер үшін 440 төсектік 3 карантиндік стационар жұмыс істейді.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қажетті шаралар қабылданды. Жалпы, облыс бойынша 12 заманауи компьютерлік томография, 11 стационарлық рентген аппараты, 353 ӨЖЖ аппараты, 405 оттегі концентраторы, 626 Бобров аппараты және 250 оттегі жастығы орнатылды, КамАЗ базасында 41 санитарлық машина, 6 мобильді жылжымалы кешен және 2 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды.
Өңір басшылығының көмегімен 5 жергілікті кәсіпорын 90 мың литр дезинфекциялық және антисептикалық құралдар өндірісін шығарады, 70 фирма тәулігіне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер шығара алады.