«Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» ордендерімен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген тағайындау процесін толық автоматтандырудың арқасында бір жұмыс күні ішінде ресімделетін болады. Бұған дейін бұл үдеріске ХҚКО және Еңбек министрлігінің аумақтық департаменттерінің қызметкерлері қатысуы қажет болып, жеті жұмыс күніне дейін созылатын. Енді жәрдемақыны тағайындау ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі, бұл қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартты.
Егер де көп балалы ана «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған болса, тиісті мәліметтер Еңбекминінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі, әрі қарай жүйе проактивті форматта жәрдемақы тағайындауға келісім алу үшін 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жібереді. SMS-хабарламаға оң жауап алынған жағдайда жүйе жәрдемақы тағайындау туралы шешімді мүлдем адамның қатысуынсыз автоматты түрде қабылдайды.
Қызметтер көрсетудің осындай тәсілі басқа да мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін де енгізіледі, бұл мемлекеттік қолдау алу процесін едәуір жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді.