Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Әзірбайжанның дипломатиялық өкілдігіне жасалғаннан шабуылдан кейін Ирандағы елшіліктің қауіпсіздік шараларын күшейтпейтінін мәлімдеді.
Бұл туралы дүйсенбі күні қазақстандық СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
«Жоқ, олай болмайды. Бұл бір ғана жағдай. Егер Тегеранда орналасқан елшіліктерге жаппай шабуылдар болса, онда жағдай басқаша болар еді. [Қазақстан] елшілігі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», — деді ол журналистердің сауалына жауап бере отырып.
Еске сала кетейік! Жексенбі күні кешке Әзірбайжан Ирандағы елшілігінің қызметкерлерін эвакуациялады. 27 қаңтарда дипломатиялық өкілдікке жасалған қарулы шабуылға байланысты осындай шешім қабылданды, шабуыл салдарынан күзет бастығы қайтыс болды, ал оның екі әріптесі жарақат алды.