Мемлекеттік нөмірі көрінбейтін көлік жүргізушілері жазалауы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті хабарлады.
Айта кетейік, қыс мезгілінде кейбір жүргізушілер көліктегі мемлекеттік нөмірлерді тазалау керек екенін елемейді.
Мұндай көліктер жүргізушілеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 1-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша айыппұл салынады.
«Көрінбейтін немесе ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін белгілі бір орындардан басқа жерге орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік нөмірлері (белгісі) бар тіркелген көлік құралын тізгіндеу бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», — делінген бапта.
Айта кетейік, 2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңгеге тең. Осылайша, 17 250 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде мемлекеттік нөмірін қар басқан автокөліктің видеосы жарияланған.
«Жергілікті полиция басқармасы автокөлік жүргізушісін анықтау және одан әрі жауапкершілікке тарту бойынша тексеру бастады», — деп хабарлады Алматы полициясы.