Жапония мен Ұлыбритания әскери ынтымақтастық орнатуға ниетті, жапон премьері Фумио Кисида Лондонға сапары кезінде тиісті келісімге қол қояды деп жоспарлап отыр.
Әскери ынтымақтастық туралы келісім британдық әскерилердің Жапонияда және жапон Өзін-өзі қорғау күштері жауынгерлерінің Ұлыбританияда болуының құқықтық шеңберін бекітеді.
Бұл туралы жұма күні Yomiuri газеті дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Оның мәліметінше, аталған келісім екі елдің әскерилерінің бірлескен жаттығуларға қатысуымен иммиграциялық бақылаудан өту талаптарын алып тастауды, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуді көздейді. Қазіргі уақытта Жапония Австралиямен ғана осындай келісімге келген.
2023 жылы Үлкен жетілікке төрағалық ететін Кисида 11 қаңтарда G7 қатысушы елдер бойынша турне аясында Лондонға баруды жоспарлап отыр. Бұған дейін, 9-10 қаңтарда ол Париж мен Римге барған, ал 12 қаңтарда Канадаға аттанады, артынан Вашингтонға барады, 13 қаңтарда АҚШ президенті Джо Байденмен кездеседі.
Жапония мен Ұлыбритания соңғы уақытта қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жандандырды. 2022 жылы олар Окинава аралынан оңтүстікке қарай Тынық мұхитында бірлескен әскери-теңіз жаттығуларын өткізді. Оларға британдық ӘТК-нің Queen Elizabeth ұшақ тасығышы, жапондық Өзін-өзі қорғау күштерінің «Исэ» эсминеці, сондай-ақ жапон және америкалық әуе күштерінің F-35B және F-15 ұшақтары қатысқан. Оқу-жаттығу барысында тараптар палубалық авиацияның ұшуы мен қонуы бойынша жаттығулар өткізді.