АҚШ пен Өзбекстан делегациялары келіссөздер жүргізіп, оның барысында ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдай және осы бағыттағы бірлескен күш-жігер жайлы сөз болды.
Еске сала кетейік! АҚШ пен Өзбекстан өкілдері сейсенбі күні Вашингтонда қос ел арасындағы стратегиялық әріптестік диалогы барысында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты, Ауғанстан төңірегіндегі жағдайды, сондай-ақ сауда байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады.
Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі таратқан тараптардың бірлескен мәлімдемесінде АҚШ тарапынан АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу қатысқаны, ал Өзбекстан делегациясын республиканың сыртқы істер министрі Владимир Норов бастап келгені айтылған.
«Делегациялар сауда мен инвестициялық серіктестікті дамытуға, сондай-ақ екі елдегі іскерлік белсенділік үшін қолайлы жағдайларды сақтауға ықпал етуге көңіл бөлді», — делінген хабарламада.
«Сонымен қатар, делегация мүшелері Ауғанстанға қатысты ағымдағы күш-жігерді талқылады, Құрама Штаттар осы елге гуманитарлық көмек көрсетудегі ынтымақтастығы үшін Өзбекстанға алғыс білдірді», — делінген құжатта.
«Қос делегация мемлекеттік шекараларды күзетуді ұйымдастыру және қорғаныс мүмкіндіктері, сондай-ақ есірткі таратумен және терроризммен күрес сияқты қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылады», — делінген мәлімдемеде.
Хабарламада сондай-ақ, «Мемлекеттік хатшының көмекшісі Лу Өзбекстанның өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бейілді екенін» атап өтті.
Норов жетекшілігімен келген өзбекстандық делегация 12-14 желтоқсан аралығында АҚШ-та Өзбекстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік диалогының екінші отырысына қатысады. Сейсенбі күні республиканың сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Норовпен келіссөздерде Ташкенттің Орталық Азиядағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған өңірлік саясатын жоғары бағалағанын хабарлады. Өз кезегінде Мемлекеттік департамент Блинкен мен Норов Вашингтондағы кездесуде Ауғанстан мен Украина тұрғындарына көмек көрсету мәселесін талқылады деп мәлімдеді.