Кеңес Одағының ыдырағанына 30 жыл болды. КСРО-да Ресей басымдыққа ие болғаны белгілі, сондықтан Кеңес одағы құлағаннан кейін көптеген елдер тәуелсіздік алғанына қарамастан, Ресейдің айтқанымен жүріп, интеграциялық процестер құрып, өз мүдделерін екінші орынға қойды.
Ресейде билік басына Владимир Путин келгелі бері Мәскеудің посткеңестік аймақтағы барлық еле ықпал еткісі келгені айқын байқала бастады. Бұл посткеңестік елдер үшін Ресей көршілерінің мемлекеттік істеріне араласып, тең құқықты қарым-қатынас орнатуды емес, өз мүддесін қанағаттандыру үшін қысым көрсететін көршілес ел екенінің белгісі болды.
Сондықтан кейбір мемлекеттердің Ресейдің ықпалынан құтылуға тырысып жатқаны таң қалдырмайды.
Мәселен, Украина сыртқы саясатында біртіндеп Батысқа қарай бағдарлана бастады. Бұл Мәскеудің наразылығын тудырып, нәтижесінде Ресейдің Қырымды аннексиялауын алып келді, ақыры соңында қос ел арасындағы әскери қақтығысқа ұласты.
Батысшыл даму векторынан бөлек, кейбір елдер Ресейдің ықпалын төмендететін тағы бір қадам жасады, ол уақыт өте келе Ресейден алшақтауға мүмкіндік береді. Әңгіме ана тіл аталған елдерде қолданылатын басқа тілдерден, атап айтқанда орыс тілінен басым болуы тиіс. Көптеген посткеңестік елдерде орыс тілінде көп адам сөйлейтіні белгілі. Бұл Ресей Федерациясына аталған елдің тұрғындарына, бірінші кезекте Ресей үшін тиімді ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді. Қырымды аннексиялауға қатысты жағдай бұған айқын мысал. Ресейде ақпараттық және медиакеңістікте Қырым жайлы жарыса жазылды.
Қазақстан билігі қазіргі таңда қазақ тілін насихаттауға бағытталған тілдік реформаны белсенді жүзеге асыруда. 2017 жылы ҚР президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі туралы жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келісімен ана тілді дәріптеуге баса назар аударды. ҚР-да билік басындағылар қазақ тілі жергілікті халық арасында басымдыққа ие болуы үшін көп күш-жігер жұмсап жатыр. Қазақстан үкіметі нақты ұстанымды ұстанады — қазақ тілі жергілікті халыққа әлеуметтік, саяси, мәдени және басқа салаларда басым болуы тиіс. 2020 жылы ҚР-да Тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның міндеттері: латинографиялық әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту.
Бұл Ресей тарапының көңілінен шықпайтыны анық. Ресейлік БАҚ Қазақстанның аталмыш реформаны жүзеге асыруға талпынысын қатаң сынап келеді. Оның шығыны көп және орынсыз екенін айта отырып, оқу орындарындағы білім беру деңгейін төмендетеді деп отыр. Сондай-ақ, ресейлік БАҚ Қазақстан билігінің тіл саясатын насихаттауы орыс тілін кемсіту болып табылады деп айыптауда.
Орыс тіліне қатысты келіспеушіліктер былтыр Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына дақ түсірді. Ресейлік саясаткерлер мен БАҚ Қазақстан билігінің әрекетін сынап келеді.
Ресей Қазақстанда русофобия бар деп айыптап, Орталық Азия елінде орыс және орыс тілді азаматтардың құқығы тапталып жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде қазақстандықтардың тарапынан қазақ тілі елдің қоғамдық-саяси өмірінің барлық салаларында белсенді қолданылуы керек деп жиі талап етуде.
Көрнекі ақпарат жариялау үшін қазақ тілін бірінші орынға шығаруды көздейтін заң жобасының нәтижесінде туындаған жағдай, жақын арада Ресей-Қазақстан қарым-қатынасында келіспеушіліктер жалғасатынына дәлел бола алады. Еске салайық, қазақстандық сенаторлар міндетті түрде көрнекі ақпаратты, соның ішінде жарнамаларды, хабарландыруларды, мәзірлерді, баға белгілерін және т.б. мемлекеттік тілде жариялауды көздейтін заң жобасын бекітті. Өз кезегінде бұл ҚР-ның солтүстіктегі көршісіне ұнамады және РФ Мемлекеттік Думасы Қазақстанның тіл заңын талқылауға ниет білдіріп, көршілес елдің ішкі саясатына кезекті рет араласуға дайын екендігін көрсетті.