Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызметтерді 5,1 млрд теңгеге төлегені туралы есеп берді. Жалпы алғанда, еліміздің стоматологтары МӘМС қаражатынан 2,8 млн қызмет көрсетті.
Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балаларға және жоспарлы түрде жүкті әйелдерге 650 мыңға жуық қызмет, халықтың жекелеген санаттарына 2,1 млн стоматология қызметі, сондай-ақ балаларға ортодонтиялық көмек көрсету бойынша 1 707 қызмет көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетіледі.
МӘМС жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасына байланысты зейнеткерлер, әлеуметтік маңызды аурулармен ауыратын науқастар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар.
Ортодонтиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы кезінде тіс-жақ аномалияларын жою үшін аппаратты пайдалана отырып көрсетіледі.
Сондай-ақ, биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар — әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балаларына қолдау көрсетуді қарастырды. 6-12 жас аралығындағы балаларға тіс жақтағы аномалиялардың әртүрлі түрлері (тістеу ақаулары, жақ микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Аталған көмекті 9 мыңнан астам бала алады, оған биылғы жылдың соңына дейін 415 млн теңге қарастырылған.
«Науқас стоматологиялық көмек үшін емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Сонымен қатар, стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылады және әлеуетті жеткізушілер тізілімінде болады», — деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 626 жеткізуші еліміз бойынша стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 346 мемлекеттік және 280 жеке меншік клиника бар.
Биыл Қордың жеткізушілер саны 2019 жылмен салыстырғанда өсті, өткен жылы 522 жеткізуші стоматологиялық көмек көрсетті, оның ішінде 315 мемлекеттік және 207 жекеменшік.
«Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету науқастың (балаға қатысты — ата-ана немесе заңды өкіл) еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады және науқастың тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуын талап етпейді. Қызмет көрсету фактісі мен стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі, бұл МСАК ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасасу үшін негіз болып табылады, ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады», — деп түсіндірді Қор.
Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу науқастың тіркелген жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы (емхана) арқылы жүргізіледі. Көрсетілген қызметтер ақпараттық жүйеге оларды көрсету фактісі бойынша енгізіледі.
Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Play Market және App Store-ға орнатуға болатын Goldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жүгіну қажет.