ТЖМ басшысы орман өртінің шығу себебі ретінде адам факторын жоққа шығармады

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Қостанай облысындағы орман өртінің шығу себебін анықтау үшін қарастырылып отырған нұсқаны айтты.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысында алапат өрттің шығуына себеп болған нұсқалардың бірін айтты.

«Адам факторы жоққа шығарылмайды. Қазір прокуратура қозғалған қылмыстық істі абайсызда өртеу, қасақана өрт қою сияқты бірнеше баптар бойынша тергеп жатыр. Сондықтан нақты кінәлі тұлғалар тергеу шаралары барысында анықталатын болады», — деді ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин.

ТЖМ басшысы өрттің шығу себептері арасында табиғи фактор ескерілмейтінін атап өтті, өйткені ол кезде Қостанай облысында найзағай болмаған.

«Ешқандай снаряд пен атыс болған жоқ. Қылмыстық іс аясында кімге ағаш кесуге рұқсат берілгені анықталады. Тағы да айтамын, бұл жерде табиғи фактор қарастырылып отырған жоқ, себебі сол аймақта «Қазгидрометтің» хабарлауынша, құрғақ найзағай деп аталатын найзағай разрядтары болған жоқ. Сондықтан да нұсқалардың бірі адам факторы болып қала береді. Оның себебін тергеу анықтайды», — деді Юрий Ильин.

Еске сала кетейік:

2 қыркүйекте Қостанай облысындағы «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ екі орман шаруашылығының аумағында өрт болды. Олардың аумағы 4 қыркүйекте 43 мың гектардан асты. Бірнеше ауданның тұрғындары эвакуацияланды. Өрт салдарынан 12 адам зардап шекті, біреуі қаза тапты. Төтенше жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарымен келіп, Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттерді жою жұмыстарының барысын бағалады.

7 қыркүйек күні сағат 15:00-де ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттер ауыздықталғанын хабарлады.

8 қыркүйекте премьер-министр Әлихан Смайылов өртке кінәлі адамдар жазаға тартылуы тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қостанай облысында өрт кезінде жауапты лауазымды тұлғалар тиісінше және уақытылы әрекет етпеді.

10 қыркүйек күні сағат 10:00-де Қостанай облысы ТЖД жедел штабы Әулиекөл ауданындағы ірі орман өртінің сөндірілгенін хабарлады.

Добавить комментарий