Премьер интернет сапасына көңілі толмайтынын айтты

Қазақстан Премьер-Министрі ЦДИАӨМ басшысына ақпараттық жүйелердегі ақаулар санын азайтуды тапсырды. Интернет сапасына қатысты мәселе шешілуі тиіс мәселелерден тыс қалатын сыңайлы.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлерін сынға алды.

Премьер-Министр министрліктің жұмысын, оның ішінде eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеуді, сондай-ақ жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру жөніндегі рәсімдерді қатаң сынға алды.

«Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда Интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер Интернет байланыс жақсы болмаса цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын жүзеге асыру барысында сұрақтар бар екенін атап өтті. Ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.

«Цифрлық даму министрлігіне орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын. Сонымен қатар, Еңбек, сауда және интеграция министрліктеріне 2022 жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырамын «, — деді Әлихан Смайылов.

Добавить комментарий