Грантта оқыған түлектер үш жыл жұмыс істеуі керек

Мәжіліс білім беру мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады.

Заң жобасында ҚР Еңбек кодексінің нормалары арасындағы құқықтық коллизияны болдырмау арқылы бірқатар өзекті мәселелерді шешу ұсынылады.

Осылайша, Еңбек кодексінің 119-бабында білім алушылардың дуальді оқыту туралы шарт негізінде өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өту уақыты еңбек өтіліне есептеледі. Бұл ретте, еңбек қызметін растайтын құжаттар тізбесінде (кодекстің 35-бабы — т.б.) шарттың осы түрі жоқ.ъ

Іс жүзінде, осы қайшылыққа байланысты өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өту кезеңін жұмыс берушілер жұмысқа қабылдау кезінде ескермейді, — деді Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов заң жобасын таныстыра отырып.

Сондай-ақ, білім беру саласындағы уәкілетті органға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен бөлуді бекіту бойынша құзырет берілетін болады. Ұсынылып отырған түзету мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны беру кезінде сыбайлас жемқорлық факторының әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, оқу мерзімін мемлекеттік білім беру тапсырысында ЖОО түлегінің оқу ұзақтығына барабар белгілеу ұсынылады. Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысында барлық кезең бойы оқыған азаматтар үш жыл бойы жұмыс істейтін болады, ал жарты кезеңде оқыған азаматтар (яғни, жарты кезеңде ақылы негізде) мемлекеттік бюджет есебінен оқу уақытына пропорционалды түрде жұмыс істейтін болады, — деп атап өтті мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, аталған түзетулер білім беру процесін жетілдіруге, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлауға және оларды одан әрі жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

 

Добавить комментарий