Қазақстан Әзірбайжанға экспорт көлемін ұлғайтады

Қазақстан мен Әзірбайжан экспорт көлемін ұлғайту туралы келісімге келді. Атап айтқанда, Қазақстан Әзірбайжанға экспорт көлемін $300 млн-ға ұлғайтуға дайын.

«Нұр-Сұлтан Әзірбайжанмен сауда айналымын арттыруда, оның ішінде аграрлық салада үлкен резервтерді көріп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге сапары барысында мәлімдеді.

Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуден кейін ҚР басшысы көлік-логистика саласын өзара ынтымақтастықта дамытуды жан-жақты талқылағанын хабарлады.

«Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары», — деп Тоқаевтың сөзін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Қазақстан Президенті екі елдің ауыл шаруашылығы саласында өзара толықтыра алатынын атап өтті.

«Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезегінде бізге Әзербайжаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – жеміс-жидек пен көкөністерді импорттау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақстандық өндірушілердің бірқатары Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға және 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасына қол қойды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзірбайжан Республикасы Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында транзиттік жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Добавить комментарий