Гонконг билігі ұлттық мереке күні оппозицияның рұқсат етілмеген митингілерге шығатынын жоққа шығармайды. Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау үшін шамамен 6 мың полиция қызметкері жұмылдырылады.
Естеріңізге сала кетейік! 1 қазанда Қытайда ұлттық мереке — ҚХР құрылғанының мерейтойы болады.
Бұған дейін билік коронавирустың таралу қаупі бар деп бас тартып, оппозициялық күштердің аралда ірі митинг өткізуге берген өтінішін мақұлдамаған болатын. Алайда, интернетте белсенділер наразылық ұрандары бар қара түсті киім киіп, көшеге шығуға, жолдарға тосқауыл қоюға және «хаос жасауға» шақыра бастады.
Полиция рұқсат етілмеген шеру Виктория саябағынан іскерлік орталыққа дейінгі дәстүрлі бағыт бойынша өтуі мүмкін деп болжайды. Сонымен қатар, шерушілер Гонконг басшылығының қатысуымен мерекеге орай салтанатты түрде өтетін Ванчай ауданындағы көрме орталығының жанындағы Алтын Баухиния алаңына кіре алады. Құқық қорғау органдары қаланың материк бөлігіндегі Монгкок ауданында радикалдар тобының шығуын да жоққа шығармайды.
2019 жылдың жазында ҚХР-дың осы арнайы әкімшілік ауданында жергілікті биліктің құқық бұзушыларды Қытайға беруге мүмкіндік беретін экстрадициялау туралы заң жобасын қабылдау ниетіне байланысты жаппай толқулар басталды. Тәртіпсіздіктер бірнеше айға созылды.
Ағымдағы жылдың 30 маусымында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті (ҚХР парламенті) Гонконгта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң қабылдады. Бейжіңде айтылғандай, заң сепаратизм, терроризм, мемлекеттік билікті бұзу, шетелдік күштермен сөз байласу сияқты қылмыстарды болдырмауға бағытталған, ол ең жоғарғы жаза ретінде өмір бойы қамауға алуды көздейді.
Қытайдың орталық үкіметі сондай-ақ Гонконгта жергілікті әкімшіліктің құзыретіне жатпайтын мемлекеттік қауіпсіздіктің арнайы органдарын құрды. Бұл жергілікті оппозицияның және Батыстың бірқатар елдерінің бұл қадамды Гонконг автономиясының бұзылуы деп бағалаған наразылықтарын тудырды.