Ресей астанасында тәртіп сақшылары алаяқтардың зейнеткерлерді алдау схемасын әшкереледі. Алаяқтар өздерін зейнетақы қорының қызметкерлері деп таныстырған.
Мәскеу, Тула, Брянск және Липецк облыстарында зейнеткерлерден ақшаны алдап алудың 11 жағдайы анықталды, деп мәлімдеді Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк.
«Қаскүнемдер егде жасты адамдарға телефон шалып, өздерін Ресей Федерациясы Зейнетақы қорының қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар әлеуметтік қызметтерді пайдалануды ұсынып, зейнетақыға тиесілі үстемеақы барын немесе ақшалай қаражатты жаңа үлгідегі купюраларға ауыстыру қажет екенін айтқан», — делінген хабарламада.
Содан кейін қылмыстық топтың басқа да мүшелері ақшасын ауыстыруға келіскен егде жастағы адамдардың үйіне әлеуметтік қызметкер ретінде келген. Пәтерде күдіктілердің бірі үй иесінің назарын өзіне аудартып, құжаттарды толтыртқан, ал екіншісі ақша ұрлаған, деп хабарлайды «ІІМ Медиа».
Алаяқтық жасады деген күдікпен Ресейдің үш азаматы мен шетелдік бір азамат ұсталды. «Айыпталушылардан банк карталары, көптеген ұялы телефондар мен сим-карталар, сондай-ақ жәбірленушілердің байланыс мәліметтері бар жазбалар табылды», — деп нақтылады Волк. Қылмыстық істер қозғалып, алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде
Бұған дейін Мәскеуде банктің жалған қызметкерінің қатысуымен болған алаяқтық схема әшкереленген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 8 163 201 рубльді құрады..