Tesla және SpaceX басшысы Илон Маск мәлімдеме жасады, ол Google-дың негізін қалаушы Сергей Бриннің әйелімен жақын қарым-қатынаста туралы ақпаратты сандырақ деп атады. Бұған дейін Николь Шэнаханның (Бриннің әйелі) Маскпен жақын қарым-қатынасы болғаны, бұл күйеуінің ажырасу туралы арыз беруіне себеп болғаны туралы хабарланған болатын.
«Барып тұрған сандырақ. Біз Сергей екеуміз доспыз кешегі кеште бірге болғанбыз! Мен Никольді үш жылда екі мәрте ғана көрдім, екі мәрте де көптеген адамдардың арасында болдық. Романтикалық ешнәрсе болмады», — деп жауап берді Илон Маск Twitter-де.
Еске салайық, Сергей Брин әйелі Илон Маскпен кездесіп, көзіне шөп салғанын білгеннен кейін ажырасуға өтініш берген. Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Илон Маск былтыр Николь Шэнэхэнмен жақын қарым-қатынаста болған.