Нью-Йоркте детективтік сериалдың түсірілімі кезінде алаңда белгісіз біреу ер адамды атып өлтіріп, қашып кеткен. Полиция қылмыскерді іздестіруде.
Қайғылы оқиға «Закон и порядок: Организованная преступность» детективтік телесериалының түсірілімі кезінде орын алды. Бұл туралы New York Post хабарлайды.
Оқиға 19 шілде күні таңертең орын алды. 31 жастағы ер адамды көлік тұрағында атып өлтірген. Қылмыскер көліктің есігін ашып, оқ атқан. Марқұмның мойнына және бетіне бірнеше рет оқ атылғаны хабарланды.
Таңертең түсірілім алаңында полицейлерді көрген жергілікті тұрғындар кісі өлтіру сахнасы түсіріліп жатыр деп ойлаған.
Оқ атқан ер адам оқиға орнынан қашып кетті. Ол әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сериалды түсіріп жатқан NBC және Universal Television марқұмның туыстарына көңіл айтты.
«Закон и порядок: Организованная преступность» телесериалының премьерасы 2021 жылдың 1 сәуірінде өтті. Басты рөлді Кристофер Мелони сомдайды. Қазір үшінші маусым түсіріліп жатыр.