Қазақстанның Бас прокуратурасы елімізде активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Комиссияның барлық іс-әрекеттері құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс, құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеулер мен теріс пайдаланушылықтарға жол бермеуге міндетті», — деп хабарлады Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов.
Атап айтқанда, Комиссия:
жоғары маржиналды мемлекеттік активтерді жекешелендіру және сатып алу;
үстеме табыс әкелуге мүмкіндік беретін экономика секторларында, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті жою немесе шектеу;
мемлекет мүдделеріне залал келтіре отырып, жеңілдікті салық салу, тарифтік саясат және т.б. түріндегі артықшылықтарды енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану, ауыр өнеркәсіп, қаржы секторы, құрылыс және экономиканың басқа да салаларындағы жекелеген компаниялардың табыстылығын ұлғайту үшін жекелеген адамдарға негізсіз қолайлы жағдай жасайтын алғышарттарды анықтау мақсатында талдау жүргізеді.
Сондай-ақ Комиссия жұмысының барысы туралы халықты жедел хабардар ету үшін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданды.