Қазақстанда коммуналдық қызметтерге мораторий аяқталды. Өсім 8-10 пайыз болады деп күтілуде.
Қазақстанда екінші жартыжылдықта коммуналдық тарифтер көтеріледі, деп хабарлады ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов үкімет отырысында.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындар үшін коммуналдық қызмет тарифтерін 180 күнге көтеруге мораторий енгізілді. 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталды, екінші жартыжылдықта ағымдағы жылдың инфляция дәлізі шегінде тарифтердің өзгереді», — деді ол.
Вице-министр коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу үшін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау, сондай-ақ ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, әрбір өңірге жеке көзқарас енгізілетінін айтты.