Талдықорғанда имамды ұрған деструктивті діни ағымның жақтаушысы тұтқындалды.
Сот отырысы барысында 33 жастағы ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінді, деп хабарлайды Алматы облысын ДП. Белгілі болғандай, маусым айының басында қалалық мешітте діни рәсім кезінде имам мен деструктивті ағымды жақтаушылар тобымен оқиға орын алған. Рәсім аяқталғаннан кейін тәртіпті бұзушылардың бірі дін қызметкерімен сөзге келіп қалып, жұдырық ала жүгірген.
Зардап шеккен имам дәрігерлердің көмегіне мәжбүр болды. Тәртіп сақшылары мешітте болған оқиғадан кейін көп ұзамай жас жігітті анықтап, ұстады. «Құқық бұзушы деструктивті діни ағымды ұстанатын облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 73-1-бабында (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) көзделген материал жиналды. Жақында Талдықорған ауданаралық әкімшілік соты ер адамға қатысты 7 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарды. Сот отырысы барысында ол өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді», — деп хабарлады Алматы облысы ДП баспасөз қызметі.