Норвегия билігі Ресейге қарсы жаңа санкция салу туралы шешім қабылдады. Әңгіме Ресей мұнайын теңіз арқылы импорттауға тыйым салу туралы болып отыр.
Сыртқы істер министрі Анникен Хюитфельдттің айтуынша, шешім Еуропалық одақтың шектеу шараларын қолдау мақсатында қабылданды. «Біз ел үкіметі мен элита өкілдеріне қысымды күшейту үшін, ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларын қолдаймыз», — деді ол.
Шешім дереу күшіне енеді, алайда өтпелі кезеңдерді көздейді. Мәселен, Норвегия шикі мұнайды 2022 жылғы 5 желтоқсанда, ал мұнай өнімдерін 2023 жылғы 5 ақпанда импорттауды біржолата тоқтатады.
Мұнайды импорттауға, сатып алуға және беруге шектеу енгізіліп, сонымен қатар мұнаймен байланысты техникалық, қаржылық және заң көмегін ұсынуға тыйым салынды. Норвегиялық санкциялық тізімге 65 адам мен 18 компания енді.
Бұған дейін Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакетін ресми түрде енгізген болатын. Жаңа санкциялық пакет аясында Ресейден мұнай жеткізуге ішінара эмбарго жарияланған болатын. «Дружба» құбыры арқылы жеткізілетін шикізатқа тыйым салынбайды. Мұнайдан жарты жыл ішінде, мұнай өнімдерінен сегіз ай ішінде бас тартылады деп жоспарлануда.