«Nur Otan» партиясы «Халықты жұмыспен қамтудың жол картасын» ұзартуды ұсынды

Партиялық куратор, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Артур Платоновтың пікірінше, 2021 жылға қаржыландыруды қысқартудың үлкен қаупі бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтуды қолдау үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы іске асырылуда.

Оның негізгі мақсаты — жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша жұмыс орындары мен жағдайлар жасау. Партиялық куратор, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Артур Платоновтың пікірінше, 2021 жылға қаржыландыруды қысқартудың үлкен қаупі бар.

Ел халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «қазіргі күрделі жағдайда біздің басты міндетіміз — әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын сақтау» екенін атап өтті.

«Негізгі месседждер — қолдау, көмек, қамқорлық. Және олар мерзімді емес, тұрақты болуы тиіс. Қалай болғанда да әлемдегі жағдай қалыпқа келгенге дейін. Яғни, Елбасы мен Президент саясатының бағыттарын дамыта отырып, әлеуметтік бастамаларды тоқтатпау керек! Қазақстанның көптеген дамыған елдерден айырмашылығы әлеуметтік төлемдерді қысқартып, салықтарды көбейтпей, керісінше азаматтарға көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасауға мүмкіндігі бар», — деп атап өтті партиялық куратор.

Сондықтан да, оның айтуынша, «Nur Otan» партиясында жүз мыңдаған қазақстандықтар пайдалана алатын зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алу кезінде табыс салығын алып тастау туралы бастама көтерілді.

Өз кезегінде Жұмыспен қамтудың жол картасы — пандемия кезеңінде өзінің тиімділігін дәлелдеген халықты қолдаудың маңызды шараларының бірі. Оның арқасында қазірдің өзінде 177 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылды. Олардың ай сайынғы табысы орта есеппен шамамен 90 мың теңгені құрайды. Жобаларда жұмыспен қамтылғандардың 40% — жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүгінген жастар. Бағдарлама жастарға жалақыдан бөлек қазіргі жағдайда қажетті жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.

«Ақмола облысының Бурабай ауданында 3-ші топтағы мүгедек Денис Прядко атты жас жігіт тұрады. Колледжде аспазшы мамандығы бойынша оқуын аяқтап, Жол картасы бойынша мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Бұл мысал Бағдарлама қарапайым адамдарға өмірде өз орнын табуға, өз қабілеттерін іске асыруға көмектесетінін айқын көрсетеді. Мұндай мысалдар көп», — деді Артур Платонов.

Жұмысқа орналастыру проблемаларын шешумен қатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудан мультипликативтік әсер де алынды.

«Тек Екібастұз қаласында 11 көпқабатты үй салынады. Демек, жақын арада 1,3 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды. Медициналық қызметкерлер үшін 13 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 2,7 мың төсектік 5 модульді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Саябақтар мен скверлер салу, көшелерді көгалдандыру, балалар мен спорт алаңдарын орнату есебінен шамамен 900 елді мекен абаттандырылады», — деді ол.

Артур Платонов атап өткендей, жүзеге асырылып жатқан бастамалар жұмыс орындарын ашып қана қоймай, азаматтардың өмірін сапалы жақсартуға оң әсерін тигізді. Бірақ бүгінде екінші пандемия толқынының мүмкіндігіне байланысты экономикалық ахуалдың күрделену қаупі сақталып отыр. Бұл жұмыссыздықтың өсуіне және азаматтардың едәуір бөлігінің әл-ауқатының нашарлауына әкеп соғуы мүмкін.

Бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, «Nur Otan» партиялық кураторы Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруды 2021 жылы жалғастыруды және оны іске асыруға қаржы бөлуді ұсынды. Бұл ретте ең жоғары нәтиже алу үшін Артур Платонов ең көп жұмыс орындарын ашатын және барынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін жобаларды іріктеу қажет деп санайды.

«Жұмыспен қамту жол картасының іске асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін мамандандырылған ақпараттық жүйені құру дұрыс болар еді. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының белсенділерін жергілікті тұрғындардың сұраныстарына баса назар аудара отырып, жобаларды іріктеуге және қалыптастыруға тарту керек», — деп түйіндеді сөзін партиялық куратор.

Добавить комментарий