Оралдағы колониялардың бірінде тұтқындар жаппай төбелесіп, кейбіреулері жарақат алды, осыған байланысты түрме қызметкері жазаланды.
Мекеменің бір қызметкері атқарып отырған қызметінен шеттетілді.
Оралда РУ-170/2 орташа қауіпсіз қылмыстық-түзету жүйесі мекемесінде сотталғандар арасындағы жаппай төбелестен кейін 12 қызметкер жазаланды, деп хабарлайды «Мой город» басылымы.
Оқиға 10 мамыр күні таңертең болған. Төбелес кезінде 10 адам зардап шекті, олар түрлі дәрежеде жарақат алды. Сотталғандар төбелесте металлдан жасалған киім ілгіштерді пайдаланған.
Колонияның 12 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Бір адам қызметінен шеттетілді, үш адам қызметін дұрыс атқармаған үшін ескерту алды, төрт қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды, үшеуі сөгіс алды және бір адамға ескерту жасалды», — деп хабарлады өңірлік ҚАЖД баспасөз қызметі.
Төбелес шығарған тұтқындарға қатысты ҚР ҚК 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Төбелеске қатысқандар ұрлық, тонау және денсаулыққа зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатыр.