Қазақстан мен Түркия Тоқаевтың Анкараға сапарынан кейін бірнеше келісімге қол қояды.
Келіссөздерде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10-11 мамырда алғашқы мемлекеттік сапармен Түркияға барады. Анкарадағы келіссөздерде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік сипатқа ие қарым-қатынасты жан-жақты қарап, оны кеңейту шараларын қарастыру жоспарлануда, деп хабарлайды Түркия президентінің ақпарат басқармасы.
Келіссөздерде екі ел арасындағы туризм, білім беру, мәдениет, сауда саласындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болады. Кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар келісімдер мен хаттамаларға қол қою жоспарлануда.
Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық мәселелер, оның ішінде Украина дағдарысы бойынша пікір алмасады, деп атап өтті TRT телеарнасы.
Телекомпания биыл Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қарым-қатынасы орнағанына 30 жыл болатынын еске салады.