Биылғы наурызда 1996 жылдан бергі инфляцияның ең жоғары айлық көрсеткіштері тіркелді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылғы наурызда айлық инфляция 3,7% деңгейінде қалыптасты, жылдық инфляция жеделдетуді жалғастырды және 12%-ды құрады. Инфляцияның барлық компоненттері бойынша бағаның өсуінің жеделдеуі байқалады
«2022 жылғы наурызда тұтыну бағалары 3,7%-ға өсіп, 1996 жылдан бастап осы ай үшін ең жоғары мәнді көрсетті, жылдық мәнде бағаның 12%-ға дейін өсуінің жеделдеуі байқалды (2022 жылғы ақпанда – 8,7%)», — деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Бұл ретте наурызда азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жылдық мәнде 15,4%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы ақпанда – 10%). 2021 жылдың қараша айында басталған нантоқаш өнімдері мен жармаларға бағаның өсуі астық дақылдарының төмен түсімділігіне және әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты жалғасты.
Сонымен қатар, майлар мен тоң майлар, сүт өнімдері мен ет бағасының өсуі жеделдеді. Дүрлікпе сұраныс қант бағасының өсуін жеделдетуге ықпал етті. Бағаның өсуін жеделдетуге жемістер мен көкөністердің қымбаттауы елеулі үлес қосты, ал көкөністер арасында қырыққабат, пияз, сәбіз, қызанақ және картоп бағасының айтарлықтай өсуі байқалды
2022 жылғы наурызда жылдық азық-түлік емес инфляция 10,9%-ға дейін (2022 жылғы ақпанда – 8,6%) жеделдеді.
Теңге бағамының әлсіреуі тауарлардың барлық топтары бойынша бағаның өсуіне әсер етті. Автомобильдердің құны микрочиптердің жетіспеушілігі аясында өсті. Импорттық бағаның өсуіне байланысты киім мен аяқ киім мен дәрі-дәрмек бағасының өсуі жеделдеді.
Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны 2022 жылғы наурызда 8,3%-ға дейін (2022 жылғы ақпанда – 7,1%) жеделдеді. Тұрмысқа жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы сұраныстың артуы және тұрғын үй сатып алу құнының өсуі себебінен өсті.
Сонымен қатар, амбулаториялық қызметтердің бағасы өсті. Карантиндік шектеулердің жойылуы сұраныстың өсуіне және сәйкесінше шаштараздар, мәдениет және демалыс қызметтері, мейрамханалар мен қонақ үйлер бағасының өсуіне әкелді.
2022 жылғы наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының өсуі 23,3%-ға дейін (2022 жылғы ақпанда – 21%) жеделдеді.
Жылдық мәнде бағаның өсуі 16,5%-ды құраған тамақ өнімдерінің құрылымында ЖЖМ, электр энергиясы және жемшөп дақылдарының қымбаттауы аясында ет және сүт өнімдерін өндірушілер бағасының өсуі жеделдеді.
Майлар мен тоң майлар, нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндірушілер бағасының өсуі баяулады
Ауыл шаруашылығында өндірушілер бағасының 17%-ға дейін өсуі байқалды (2022 жылғы ақпанда – 16,3%). Өсімдік шаруашылығында дәнді және жем-шөп дақылдары бағасының өсуі жеделдеді, бұл ретте көкөністер мен бақша дақылдары бағасының өсуі баяулады.
Мал шаруашылығында тірі құс еті мен шикі сүт бағасының өсуі байқалды, сонымен бірге жұмыртқа бағасының төмендеуі баяулады.