ҰҚК әскери бөлімнен бір жарым ай бұрын жоғалып кеткен сарбаздың қазасына қатысты пікір білдірді.
Әскери қызметші Қырғызстан аумағында, шекараға жақын маңда асулы күйде табылғаны белгілі болды
Еске салайық, Ұ.Б. есімді сарбаз 2 наурызда ұшты-күйлі жоғалып кеткен, оның денесі 10 сәуірде Қырғызстан аумағында табылды. Ол Жамбыл облысындағы «Андас батыр» шекара бөлімшесінде борышын өтеген.
ҰҚК хабарлағандай, жоғалған азамат Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының аумағында іздестірілді, сондай-ақ Қырғызстанның шекара ведомствосы хабардар етілді.
9 сәуірде Қырғыз Республикасының шекарашылары шекара сызығынан 2 шақырым жерде қалған әскери киім үлгісінің элементтері табылғаны туралы хабарлады.
10 сәуірде қазақстандық әскерилер табылған заттардың орнын қарауға барып, көп ұзамай Бердішовтің мәйітін тапты.
«Алдын ала диагнозы: механикалық асфиксия, зорлық-зомбылық белгілері жоқ», — деп атап өтті ҰҚК.
Осы факт бойынша Қырғыз Республикасы Шу облысы Панфилов ауданының АІІБ тергеу іс-шараларын бастады.
11 сәуірде Шекара қызметі мәйітті ата-аналарының тұрғылықты жері бойынша Қызылорда облысына жеткізуді ұйымдастырды.
«Ұлттық қауіпсіздік органдарының басшылығы мен жеке құрамы Ұ.А. Бердишовтың туғандары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады. Қазіргі уақытта Шекара қызметі оларға барлық жағынан, оның ішінде жерлеу іс-шараларын ұйымдастыру бойынша қажетті қолдау көрсетуде», — делінген хабарламада.
Сарбаздың әскери бөлімнен не үшін кеткені, өзіне қол салуға не себеп болғаны хабарланбайды. Қабылданған шаралар туралы да ешқандай ресми ақпарат жоқ.