Индонезияда құқық қорғау органдары бірегей шешім қабылдады. Ел тұрғындарының бетперде тағуын бақылауды жүзеге асыру үшін қылмыстық топтардың мүшелері тартылатын болады.
Бұл ретте құқықтық тәртіп қызметкерлері бақылаушылардың өздері өз міндеттерін орындау процесінде адам құқықтарын бұзбауын қадағалайтын болады.
Индонезияның құқық қорғау органдары коронавирустың таралуына қарсы күрес ережелерінің сақталуын бақылау үшін ірі қылмыстық топтардың басшыларын тартуға ниетті. Сейсенбі күні The Jakarta Post газетінің жазуынша, мұндай жоспарды парламентте ұлттық полиция басшысының орынбасары Гатот Прамоно ұсынған.
«Біз оларды қызметке жалдамаймыз, пандемияның таралуын болдырмау бойынша белгілі бір міндеттерге беделді басшыларды тартамыз», — деп түсіндірді полицей. Оның айтуынша, «қызметтің белгілі бір салалары, мысалы, базарлар, тұрақтар, мафиоз құрылымдарын бақылайды, сондықтан олар да онда белгілі бір ережелердің сақталуын қамтамасыз ете алады». Атап айтқанда, әңгіме қорғаныш бетперделерін тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы болып отыр.
Полиция басшысының орынбасары атап өткендей, «құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер қылмыстық топтардың мүшелері тұрғындарды бақылау кезінде адам құқықтарын бұзбауын қадағалайды».
Соңғы бірнеше аптада Индонезияда ауру жұқтырғандар санының, сондай-ақ коронавирустың асқынуынан болатын өлім-жітімнің үздіксіз өсуі байқалады. Ең ауыр жағдай дүйсенбіден бастап қатаң әлеуметтік-экономикалық шектеулер енгізілген Джакартада қалыптасып отыр. Пандемия сәтінен бастап елде COVID-19 жұқтырудың 221 мыңнан астам жағдайы тіркелді, 8,8 мыңнан астам адам қайтыс болды.