ЖЭО қызметкерін екі тәулік 50 м2 жерде іздеді

Петропавл ЖЭО-дағы үйінді астынан әйелдің денесі табылды. Құтқарушылар оны екі тәулік бойы іздеді.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Петропавл ЖЭО-да үйінділер астынан қалған әйелдің табылғанын хабарлады.

«20 наурыз күні 19 сағат 20 минутта облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Петропавл қ. «СевКазЭнерго» АҚ 2-ЖЭО жылу электр орталығын, қазандық цехының ғимаратында бірінші (объектідегі үш мұржаның бірі) түтін өтетін мұржаның жоғарғы бөлігі құлағаны туралы ақпарат түсті. Кезекші ауысым қызметкерлерінің бар-жоғын анықтау кезінде қазандық цехының жабдықтарын аралаушы-машинистің, 1984 жылы туған әйелдің жоқтығы анықталды. ТЖД қызметкерлерінің күшімен ТЖ орнында іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жұмылдырылды», — делінген хабарламада.

Бұған дейін БАҚ-та әйел жоғалған ауданның шаршы метрі 50м2 болғаны хабарланған болатын.

Жұмыстар күрделі жағдайларда жүргізілді — деформацияланған темір-бетон еден плиталар, зақымданған түтін мұржасының фрагменттерінің құлау қаупі жағдайды қиындатты. Ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкіндігі болған жоқ, бөлшектеуді құтқарушылар шанц пен гидравликалық құралдарды пайдалана отырып қолмен жүргізеді.

22 наурызда 10 сағат 32 минутта құрылыс конструкциялары үйінділерінің астынан әйелдің жансыз денесі табылды. Сағат 12.05-те дене үйінділердің астынан шығарылды. Сот-медициналық сараптама жүргізу үшін арнайы органдарға тапсырылды.

СҚО ТЖД психологиялық қызмет тобы марқұмның туыстарымен жұмыс істеуде.

Добавить комментарий