Ресейде Euronews сайты бұғатталды

Ресейде прокуратура органдарының талабы негізінде Euronews телеарнасының сайты бұғатталды.

Шешім 2022 жылдың 21 наурызында қабылданды.

Роскомнадзор хабарлағандай, Euronews сайтында Украина аумағында «РФ Қарулы Күштері жүргізіп жатқан арнайы әскери операция жайлы» жалған ақпарат жарияланып, рұқсат етілмеген акцияларға қатысуға шақырылған.

РКН 4 наурызда Ресей әскерінің іс-қимылдары туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңға қол қойылғанын еске салды.

Теледидар экранында Euronews хабары құқық иесінің талабы бойынша тоқтатылды деген хабарлама жазылған.

2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей Украина аумағына баса-көктеп кіргенде Ресейде Азаттық радиосы, «Настоящее Время», Крым.Реалии, «Голос Америки», New Times, «Тайга.инфо», DOXA, «Эхо Москвы», «Дождь», «Медуза», BBC-дің орыс қызметі, Deutsche Welle және басқалары бұғатталды. «Дождь» телеарнасы, «Эхо Москвы» радиосы және TV2 агенттігі Ресей әскеріне қарсы жалған ақпарат туралы, атап айтқанда Украинадағы соғысты соғыс деп атауды тыйым салатын заң қабылдануына байланысты жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Роскомнадзордың тыйым салынған сайттарының тізілімін жаңартуды қадағалайтын Роскомсвобода жобасының деректері бойынша соғыс басталғалы барлығы 500-ден астам түрлі ресурстарға тыйым салынған.

Ресейден жүздеген журналистер мен БАҚ қызметкерлері кетті.

Добавить комментарий