Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң қабылданбақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы Асқар Омаров түсініктеме берді.
Министр әзірлеу кезінде журналистік ұйымдар мен қоғамдастықтардың пікірлері ескерілетінін атап өтті.
«Тапсырма берілді, біз барлық медиа қоғамдастыққа пайдалы болатын жаңа заңның сапасы бойынша жұмыс істейміз. Барынша қысқа мерзімде жасауға тырысамыз», — деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мемлекет мүддесін, қоғам сұраныстарын және медиа-саланың даму тенденцияларын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау қажет екенін атап өтті.
«БАҚ — билік пен халық арасындағы тиімді коммуникация арнасы. Олар қоғамның өзекті мәселелерін көтеруі тиіс. Бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек.
«Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.