Қазақстанда алдағы екі күнде аяз күшейеді деп күтілуде. Синоптиктер 17-19 ақпан аралығында ауа райы қандай болатынын айтты.
«Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағы Қара теңіз аудандарынан келетін ауқымды антициклонның ықпалында болады. Онымен күн райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде», — деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Болжамға сәйкес, тек қиыр солтүстікте және 17 ақпанда республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда, фронтальді бөлімдердің әсерінен қар жауады.
«Термометр бағандары: солтүстікте түнде 10-23 градус аяз, орталықта және шығыста 17-27, жекелеген өңірлерде 33 градус, оңтүстікте 5-15 градус аяз болады деп болжануда», — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Бұған дейін синоптиктер наурыз айында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтқан болатын.