Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов бүгінгі таңда еліміздегі экономикалық ахуал қандай екенін хабарлады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен кездесуі барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстандағы қаңтар оқиғасы Қазақстанның экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін атап өтті.
Өткен жылы экономикалық өсу серпінді траекторияға шықты. Бастапқы 3,1% болжамнан асып түскен нақты ІЖӨ 4%-ды құрады,- деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Тимур Жақсылықов қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі Президенттің бастамаларын іске асыру жөніндегі Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіледе деп атап өтті.
Құжатта Үкіметтің инклюзивтік экономикалық өсуді ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту жұмысы нақтыланған.
Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, ҚР ҰЭМ Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуде. Осы ретте кедейшілік пен жұмыссыздық бойынша нақты жағдайды талдау негізінде жүйелі шаралар жоспарланған.
Бұдан басқа, Президент тапсырмасына сәйкес, Министрлік квазимемлекеттік сала субъектілерін түбегейлі реформалау ұсыныстарын әзірлеуде.
Жақсылықов атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың жедел іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Ол азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін, оларды жан-жақты қолдауды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды тезірек орнықтыруды көздейтін бірқатар шұғыл және қысқамерзімдік шаралардан тұрады.
Бұл жоспар мемлекеттік органдардың таяу айлардағы тиісті тапсырмаларды орындауын үйлестірмек. Оны іске асыру арқылы елдегі экономикалық жағдайды жедел қалыпқа келтіріп, қалыпты жағдайға ораламыз, — деді бірінші вице-министр. Тимур Жақсылықов ведомство қаңтардағы қайғылы оқиғалар жылдық экономикалық өсуге айтарлықтай әсер әсер етпейтінін айтты. Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі «экономикалық белсенділік уақытша және тек жекелеген өңірде ғана бұзылғандықтан», бұл мүмкін емес деп санайды.
Ол зардап шеккендерге, оның ішінде ШОБ, ЖК және халыққа қажетті көмек көрсетіліп жатқанын еске салды.