НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг әлем елдері Ресеймен түрлі форматтағы диалог орнату қажет деп санайды.
Осыған байланысты ол Франция президенті Эмманюэль Макронның Мәскеу мен Киевке сапарын оң бағалады.
Бас хатшы сәрсенбі күні жарияланған La Vanguardia газетіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
«Бізге Ресеймен әртүрлі форматта диалог орнату қажет, сондықтан Макронның Мәскеу мен Киевке барғаны дұрыс деп ойлаймын, — деп атап өтті Бас хатшы. — Дегенмен деэскалация жайлы айтуға әлі ерте». «Біз [Ресей президенті Владимир] Путиннің не жоспарлап отырғанын білмейміз», — деп мәлімдеді Столтенберг.
Соңғы кездері Батыс елдерінде, сондай-ақ Украинада Ресей Украина аумағына басып кіруі мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай ақпаратты шиеленісті қоздыруға бағытталған бос сандырақ және негізсіз деп атады. Песков Ресей ешкімге қауіп төндірмейтінін айтты. Сонымен қатар, ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарысты күшпен шешетін болса салдары ауыр болатынын ескертті.