Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде ҚХР төрағасымен өткен кездесу барысында Си Цзиньпинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Олимпиадаға сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
«Бейжің қаласындағы Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді. Өзара сенім мен достыққа негізделген кездесуде көшбасшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқылады», — делінген сенбі күні таратылған хабарламада.
Мемлекет басшылары халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Қытай Төрағасына ілтипат білдіріп, қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі керемет ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бейжіңдегі Олимпиада ойындары бүкіл адамзат үшін жауапты сәтте өтіп жатыр. Бұл спорт сайыстары жаңаруға үндеп, пандемияның сын-қатерлерін еңсеруге үлес қосады. Сондықтан Сіздің шақыруыңызды зор қуанышпен қабыл алдым», — деді Тоқаев.
Президент еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігеріне берік достық ниетін білдіргені, сондай-ақ Жаңа Қазақстан құру жолында қажетті көмек көрсетуге дайындығы үшін Қытай Төрағасына ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің тиімді басшылығымен қол жеткізген Қытай экономикасының даму жетістіктеріне жоғары баға берді.
Президент дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі қазақ-қытай қатынастарының дамуы туралы айта келе, екі елдің күш біріктіре отырып, барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл ынтымақтастық мәңгі, жан-жақты және саяси конъюнктураға бағынышты емес.
Қазақстан Президенті бүгінгі келіссөздің қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа әзір екенін атап өтіп, Си Цзиньпинді биылғы қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
«Мемлекет басшысының пікірінше, ҚХР Төрағасының сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін береді», — деп толықтырды Ақорда.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу — бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды.
Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі талқыланды.