Көктайғақ салдарынан екі адам қаза тапты: коммуналдық қызметкерлер айыппұлмен құтылды

Павлодар облысында тасжолда көктайғақ салдарынан екі адам қаза тапты. Жолдарды тазалауға жауапты ұйымға айыппұл салынды.

«Павлодар-Семей» автожолының пайдалану жағдайын тексеру барысында олқылықтар анықталды — Ямышево ауылынан Шығыс Қазақстан облысы шекарасына дейін жолдың жүру бөлігінің барлық енінде көктайғақ пайда болған. Қызмет көрсетуші мердігер ұйым тасжолды көктайғақтан тазарту, сондай-ақ қысқы жөндеу жұмыстары кезінде өңдеу бойынша директивалық мерзімін орындамаған. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде», — деді Павлодар облысы полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Мақашев жұма күні.

Осы бұзушылықтар үшін жолдың осы учаскесіне қызмет көрсетуге жауапты ұйым ҚР ӘҚБтК 631-бабының 1-бөлігі бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бауыржан Мақашевтің айтуынша, жолдың қанағаттанарлықсыз болуы жол апатына себеп болған. 2022 жылы 18 қаңтарда «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 505 шақырымында көктайғақ жағдайында Volkswagen Passat жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, «Нивамен» соқтығысқан. Жол апаты салдарынан 51 жастағы Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі мен 57 жастағы жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды.

Добавить комментарий