Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында АҚШ Сауда палатасы Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесін (USKZBC) іске қосу туралы ресми түрде жариялады деп хабарлайды
Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында АҚШ Сауда палатасы Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесін (USKZBC) іске қосу туралы ресми түрде жариялады. Іскерлік кеңестің миссиясы АҚШ Сауда палатасының кеңейтілген платформасы арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдету болып табылады.
Кеңес төрағасының міндетін Қазақстан экономикасындағы ірі инвестор болып табылатын Chevron компаниясы өз мойнына алады. Кеңес хатшылығы Аға Вице-президент Хуш Чоксидің жалпы басшылығымен АҚШ Сауда палатасының бейінді аумақтық департаментінде орналасады.
Сауда палатасының хабарлауынша, Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы тауар айналымы жылына 2 млрд долларды құрайды және экономиканың ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және инфрақұрылым сияқты секторларында өзара сауданың одан әрі өсуі үшін үлкен мүмкіндіктер бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 700-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Майрон Бриллиант атап өткендей, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында ұйым екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуға ниетті.
«Қазақстан-Америка бизнес-қауымдастығының АҚШ Сауда палатасының құрамына кіруі бизнес-қауымдастыққа осы маңызды және стратегиялық қатынастарды дамыту үшін қажетті құралдарды ұсынады», — деп атап өтті Еуразиялық-Тынық мұхиты аймағы бойынша Chevron президенті Найджел Хирн.
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов «Біз АҚШ Сауда палатасында қазақстандық-американдық іскерлік кеңестің ашылуын Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге қуатты серпін беретін және екі елде де жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктер құруға ықпал ететін тарихи оқиға ретінде қарастырамыз. Орталық Азияның жетекші экономикасы ретінде Қазақстан Құрама Штаттардың сенімді серіктесі болып қала береді және американдық компаниялармен одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты ұстанады «.
АҚШ сауда палатасы әлемдегі шамамен 3,5 млн. американдық компанияны, 3 мың өңірлік палатаны біріктіретін және мүдделерін білдіретін ірі бизнес ұйым болып табылады және шетелде өзінің 90-ден астам өкілдігі бар.