Алматы қаласының комендатурасы азаматтарды заңсыз сақтаған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсыруға шақырды. Қаруды өз еркімен тапсырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
«Қаруды заңсыз сақтаған азаматтарға өзіне жақын жердегі полиция басқармасына өз еркімен тапсыруға мүмкіндік беріледі. Қару мен оқ-дәріні тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», — делінген хабарламада.
Полиция департаментіндегілер ұрланған қару-жарақ, оқ-дәрілер және арнайы құралдар туралы ақпарат болса, 102 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды. Құқық қорғау органдары анонимді болатынына кепілдік береді.
«Заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырмағандар анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деп ескертеді ведомстводағылар.
Сұрақтар бойынша хабарласуға болатын нөмірлер: 8-747-333-91-60; 8-777-346-44-77.
Күні кеше Алматы коменданты, қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов лаңкестер тәртіпсіздіктер кезінде бір мезгілде жеті қару-жарақ дүкенін басып алғанын айтты. Осылайша олар 1347 бірлік қаруды: 501 — винтовка, 807 — тегіс ұңғылы және 39 — газ травматикалық қару ұрлады.