ҚР-да тәртіп бұзған 200-ден астам адам ұсталды

Қазақстанда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды.

Еске сала кетейік! Еліміздің бірқатар өңірлерінде рұқсат етілмеген наразылық акциялары өтті.

Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады

Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды.

Құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды.

«Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірілді», — деп хабарлады Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.

Тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары орын алды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкеріне дене жарақаттары келтірілген. 37 қызметтік автокөлік бүлінген.

«Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.

Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды.

Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Добавить комментарий