Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысында газ бағасы арзандайтынын айтты.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Жаңаөзендегі жағдай бойынша шаралар қабылдайды, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін үкіметтік комиссия құрылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.
Премьер-Министр Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатынын айтты.
«Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болған оқиғаны құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды», — деп атап өтті Асқар Мамин.
Кеше Маңғыстау облысында бірнеше елді мекеннің тұрғындары көшеге шығып, газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылық білдірді.