АҚШ Мемлекеттік департаменті Америка Құрама Штаттарының азаматтарына пандемияға және «Ресей тарапынан қауіп-қатерлердің артуына» байланысты Украинаға баруға кеңес бермейтінін мәлімдеді.
Бұл туралы жазбаша таратылған мәлімдемеде айтылған.
«Мемлекеттік департамент америкалық азаматтарға COVID-19 өршуіне, сондай-ақ Ресей тарапынан қауіп-қатердің артуына байланысты Украинаға бармауды сұрайды. Қылмыс пен тәртіпсіздіктерге байланысты барынша сақтық танытыңыздар», — дейді сыртқы саясат ведомствосы.
Соңғы уақытта Батыс елдерінде, сондай-ақ Киевте Ресейдің Украинаға басып кіруі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны жағдайды шиеленістіруге бағытталған ақпарат деп атады. Ол Ресей ешкімге қауіп төндірмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, Песков Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарысты шешу үшін күш қолданса салдары ауыр болатынын ескертті. Оның айтуынша, Мәскеу Киевке Донбастағы қақтығысты шешуге көмектесу үшін бар күш– жігерін салуда.