Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың отставкаға кетуіне байланысты Жандос Бүркітбаев министрлік басшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Жандос Бүркітбаев денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарады.
Ведомствоның баспасөз қызметі өкімге премьер-министр Асқар Мамин қол қойғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқару Қазақстан денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Қонысұлы Бүркітбаевқа жүктелсін», — делінген құжатта.
Жандос Бүркітбаев 2021 жылдың қаңтар айында денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығын, елордадағы Қан орталығын басқарған.
20 желтоқсанда Алексей Цой өз еркімен денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті.