Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы дайындалды.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа ерекше басымдық берілген, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша құжатты дайындауға жұртшылық пен бизнес өкілдері, қарапайым азаматтар ауқымды түрде қатысты, сондай-ақ озық шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттар ескерілді.
«Мұндағы басты реформалардың бірі – шығын кірістен асып кеткен кезде негізсіз баюға жауапкершілікті енгізу. Келесі қадам – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізгі қағидатын іске асыру – қылмыстық активтерді іздестіруді және қайтаруды қамтамасыз ету болмақ. «Follow the money» — «ақшаны қуу» қағидаты бойынша міндетті қаржылық тергеу енгізіледі», — деп атап өтті Агенттік Төрағасы М. Ахметжанов.
Ведомство басшысының айтуынша, тергеудің мақсаты заңсыз табыс тапқан адам ғана емес, активтерді шығарудың барлық мүмкін көздері мен жолдары болады. Бұл тек жемқорларға ғана емес, көлеңкелі бизнес субъектілеріне, контрабандашыларға, есірткі сатушыларға да қатысты.
Бұдан басқа, 2018 жылы шоттар туралы ақпарат алмасу туралы Қазақстан қол қойған келісім шетелде активтерді анықтауға мүмкіндік береді.