Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облысында тауықтардың жаппай қырылуына құс тұмауының қатысы жоқ екенін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Петропавл ауылында 200-ден астам тауықтың қырылуының алдын ала себебін атады. Мамандардың пікірінше, үй құстары Ньюкасл ауруынан қырылған болуы мүмкін.
«Халық арасында құс тұмауы деп айтылып жатыр, бұл шындыққа жанаспайды, өйткені, біріншіден, күзде тауықтар, қаздар мен үйректер жоғары патогенді тұмауға қарсы вакцина алған. Екіншіден, ауру тауықтарға жұққан», — деп атап өтті брифингте Ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы Кеңес Канадбаев.
Өлген құстардың сынамалары Ұлттық референттік ветеринария орталығына жіберілді. Өлекселері жойылды, дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
Петропавлда 16-20 қараша аралығында тауықтардың жаппай қырылуы тіркелді.
Ньюкасл ауруы — құстарда пневмония, энцефалит және ішкі ағзалардың геморрагиялық зақымдануын тудыратын вирустық ауру. Ньюкасл ауруы адамға жұқпайды.