Жаңа оқу жылы мен күзгі маусымның басталуымен коронавирус індеті жағдайында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен пневмонияның алдын алуға ерекше мұқият қараған жөн.
Күзгі маусым қарсаңында № 1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары, педиатр Динат Қожекенов Нұр-Сұлтан әкімдігінің Instagram-аккаунтында тікелей эфир барысында ата-аналарға ақыл кеңесін айтты.
Оның айтуынша, бірінші кезекте жеке гигиенаны сақтау керек.
«ЖРВИ маусымы кезінде негізгі қағидалар бар, оларды ұстану қажет. Бірінші кезекте қолды жиі жуып, үй-жайларды жиі желдету керек. Сондай-ақ сіз тұрған, жұмыс істейтін немесе жанасатын заттарды залалсыздандырумен жиі өңдеу қажет. Үй-жайда адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым жиі желдету қажет «, — деп атап өтті Динат Қожекенов.
Балалар мен ересектерге иммунитетті сақтау үшін жақсы тамақтану, дене жаттығуларымен айналысу және ағзаны шынықтыру қажет.
Егер балада ЖРВИ белгілері пайда болса, онда оны емдеумен өз бетінше айналыспай, учаскелік дәрігерге жүгіну керек. Өйткені, балаларда иммунитет жаңа қалыптасып, ауру қауіпті болуы мүмкін.
Дәрігер ретінде мен ата-аналарға өзін-өзі емдеумен айналысуға кеңес бермеймін. Пневмонияда да, үй жағдайында да жасалатын негізгі процедуралар бар — бұл үй-жайды желдету. Егер температура көтерілсе, температураны сумен сүрту арқылы түсіру керек. Баланы спиртпен сүрту керек емес, себебі жанама әсерлер болуы мүмкін. Жай ғана кәдімгі сумен сүртуге болады. Себебі, тері жамылғысы ылғалды болғанда, жылу алмасу жақсарады, яғни су буланады және бумен бірге ағза жылуды жоғалтады. Әрине, көп су ішу керек — морс, сорпа, — деп кеңес берді педиатр.
ЖРВИ- бұл аурудың жалпылама атауы. Оны әртүрлі вирустар тудыруы мүмкін. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар ұзақ уақыт бойы заттарда немесе ауада сақталуы мүмкін, деп атап өтті ол.
Пневмонияның табиғаты да әртүрлі болуы мүмкін. Оны вирустар да, бактериялар да, жасушаішілік микроорганизмдер де қоздыруы мүмкін. Негізінен өкпенің қабынуына ауа-тамшы жолымен берілетін микроорганизмдер әкеледі. Пневмония көбінесе вирустық ретінде басталады, содан кейін оған бактериялық қосылады.